Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарының қызметіне өзгерістер енгізілді. Енді олар баланың дамуын пәнаралық топтық бағалау арқылы бақылайтын болады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінде өткен аппарт жиналысында Инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Мерекеқызы мәлім етті.
-Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен оңалту орталықтарының қызметіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Бірінші кезекте, осы ұйымдардың қызметіне баланың дамуын бақылауға мүмкіндік беретін міндетті пәнаралық топтық бағалау енгізілді. Ол үшін ұйымдарға үлгілік оқу жоспарлары әзірленді. Бұдан басқа, білім беру ұйымдарының номенклатурасына «Аутизм орталығы» арнайы білім беру ұйымының жаңа түрі енгізілді. Бүгінгі таңда 9 аутизм орталығы жұмыс істейді, — деді Әйгерім Мерекеқызы.
Оның айтуынша, аутизм орталықтары Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында да ашылады. Әйгерім Мерекеқызының ақпаратына сәйкес, елімізде 207 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен 13 оңалту орталығы жұмыс істейді. Келесі жылы тағы 8 кабинет пен Алматыда бір оңалту орталығын ашу жоспарлануда.
Фото: ашық дереккөздерден.