СҚО-да жас педагогтар арасында облыстық «Дебют» байқауы ұйымдастырылды. Оқушылар сарайында өткен шараға өңірдің жүз мұғалімі қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Дебют» облыстық жас педагогтар байқауы оқушы тұлғасының дамуына ықпал ететін оқыту мен тәрбиелеудің оңтайлы модельдерін іздеуге, жас педагогтардың кәсіби өсуіне және шығармашылық әлеуетін дамытуға жәрдемдесуге арналған. Алдымен панельдік секция ұйымдастырылды. Ол жерде педагогтар «Оқытудың жаңа формалары мен әдістерін қолдану арқылы шығармашылық ізденіс», «Жас педагогтардің педагогикалық құзыреттіліктерін жетілдіру – кәсіби өсу факторы ретінде», «Сынып жетекшісінің тәрбие жүйесіндегі заманауи білім беру технологиялары мен әдістемелері», «Тәрбиешінің кәсіби даму траекториясы және жаңа педагогикалық стратегиялары» тақырыптары талқыланды.
Аудандық, қалалық кезеңдегі конкурсқа қатысушылар «Біздің педагогикалық дуэт», «Педагог мамандығы: күту – шындық – перспектива», «Мен – жаңа форматтағы педагогпын» деген тақырыптар бойынша эссе жазды. Оның нәтижесі бойынша 28 жас ұстаз облыстық кезеңге өткен болатын. Екінші кезеңде қатысушылар қала мектептерінің базасында және «Айгөлек» балабақшасында оқытудың инновациялық әдістерін ұсынды, педагог ретінде өзінің жеке қызметін 10 минуттық презентация арқылы көрсетті. Жеңімпаздар 23 қыркүйекте өтетін халықаралық жас педагогтар форумында марапатталады.