Солтүстік Қазақстан облысында «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасының екі күнінде шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 12 фактісі анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-14 қыркүйек аралығында өңір полицейлері жалдамалы пәтерлер мен базарларды, құрылыс алаңдарын, шаруа және фермерлік қожалықтарды, шетелдіктер болуы мүмкін жерлерді тексерді. «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасының мақсаты – еліміздің көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу.
Полицейдің айтуынша, заңды тұлғалар Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарын ғана жұмысқа қабылдай алады. Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан сияқты елдердің тұрғындары тек жеке тұлғаларға ғана жұмысқа орналасуға құқылы.
– Жедел профилактикалық іс-шара аясында шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 2 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 71 шетел азаматы анықталды. Сондай-ақ, көші-қон қызметін шетелдіктердің болуы туралы уақтылы хабардар етпеген 51 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл арқаламас үшін мұны 3 жұмыс күні ішінде атқару керек. Басқа мемлекеттердің 6 азаматы Қазақстан Республикасын көші-қон заңнамасын жүйелі түрде бұзғаны үшін Қазақстан аумағынан шығарылды, — дейді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нұсұрбаев.