Петропавл қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне бір түнде бірнеше автокөлік тоналғаны туралы ақпарат түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қылмыскерлер ішке әйнекті бұзып кірген. Бір жағдайда көлік иесі жүк тиегішті жабуды ұмытып кетіпті. Ұрылар автомагнитола мен құрал-саймандарды олжалап отырған. Мәселен, Абай көшесінде «Audi A6» автокөлігінен модем, электр бұрғы қолды болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде екі күдікті ұсталды. Олар 18 және 28 жастағы қала тұрғындары болып шықты. Екеуі де мүліктік қылмыс жасағаны үшін істі болған. Аталған фактілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілер қамауға алынды. Ұрланғанның бір бөлігі алынды.
-Көлікті жарық түсіп тұрған, бейне камералар орнатылған орындарға қалдыру керегін ескертеміз. Бейне бақылау – қылмыстың алдын алу мен ашудың сенімді құралы. Барлық қала тұрғындарын мүмкіндігінше камераларды үй кіреберістеріне, аула аумағын қамтитындай етіп орнатуға кеңес береміз. Бұл қаскөйлерге тосқауыл болады және қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етеді. Сондай-ақ, сигнализацияны пайдануға, көлікті қалдырған кезде есіктерінің ашық қалмағанына көз жеткізуге, салонда ұрылардың назарын аударатын ақша, құжат пен құнды заттарды қалдырмауға кеңес береміз, — дейді Петропавл №2 полиция бөлімінің бастығы Талғат Смағұлов.
Жыл басынан СҚО-да автокөлік салонынан зат ұрлаудың 26 фактісі тіркелген, оның 15-і ашылды.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі.