Петропавлдағы республикалық маңызы бар «Абылай хан резиденциясы» музей кешені биыл ғылыми-реставрациялаудан өтті. Бұл мақсатқа 21,1 млн. теңге жұмсалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл жайында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев айтты.
Халық арасында Абылайдың «ақ үйі» атанып кеткен нысанға соңғы рет екі жыл бұрын жөндеу жасалған екен. Ол жолы ғимараттың маңайы жөнге келтірілген.СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені республикалық маңызы бар қала құрылысы және сәулет ескерткіші саналады, 2008 жылы мемлекеттік қорғауға алынған.
-Тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу жоспарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2021-2030 жылдарға арналған мәдениет саясаты тұжырымдамасына сәйкес, биыл жаз айларында ескерткіште ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Жөндеуді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазқайтажаңғырту» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК-ның Батыс Қазақстан филиалы атқарды. Қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 21,1 млн. теңге бөлінді, — дейді СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев.
Нәтижесінде Абылай хан резиденциясының төбесіндегі қорғаныс қоршауы сырланды, шатыры ішінара ауыстырылды және ондағы терезелер қалпына келтірілді. Бірінші қабаттағы бөлмелер мен дәліз толық жөнделді, екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтың мәрмәр граниты ауыстырылып, ғимараттың сыртқы қасбеті сырланды.
Абылай хан резиденциясы қала-облыс тұрғындарының мақтанышына айналған. Өңірге келген қонақтар Абылайдың ақ үйіне бас сұғып, ұлттық тарихи ескерткішпен танысуды міндет санайды. Қазіргі уақытта музей кешенде Абылайға қатысты және қазақтың байырғы тұрмыс-салтынан сыр шертер 600-ден астам жәдігер сақталған.
Фото: Qyzyljarnews.kz\Талғат Тәнібаев