Полиция үйінен кетіп қалған 15 жасар қызды тауып, ата-анасына тапсырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бейсенбі күні Петропавл қаласы полиция басқармасының екінші полиция бөліміне 14 қыркүйекте сағат 19 шамасында кәмелет жасына толмаған қыздың үйінен кетіп, оралмағаны туралы хабарлама келіп түскен.
15 жастағы қызды іздеуге криминалдық полиция, көлік патрулі, учаскелік және ювеналдық полиция қызметкерлері жұмылдырылып, еріктілер мен әлеуметтік желілер қолданушылары өз парақшаларына хабарламалар орналастырды.
Түнде іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қызды Хромзавод шағын ауданындағы криминалдық полиция қызметкерлері таныстарының үйінен аман-есен тауып алып, баланы ата-анасына тапсырды.
Петропавл қаласы полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері хабар-ошарсыз кеткен кәмелетке толмағандар туралы 68 өтініш тіркелген.