Солтүстік Қазақстан облысында кәсіби медиаторлар жетіспейді. Соңғы үш жылда көлік саласында жасалып, сотта қаралған қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істердің ешқайсысында медиаторлар жұмыс істемеген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасының мәліметінше, өңірде дауласушы тараптарды сотқа дейін жеткізбей мәмілеге келтіретін медиация институты тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Оған дәлел – соңғы үш жылда Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасының қадағалау аймағы — көлік саласында жасалған қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істердің бір де біреуіне бейтарап жақ – медиаторлар араласпаған.
СҚО-да көлік прокурорларының қатысуымен былтырғы жылы 15 қылмыстық іс, 32 әкімшілік іс қаралған. Биыл жыл басынан бері 11 қылмыстық іс сотқа жолданса, 27 әкімшілік және бір азаматтық іс бойынша сот шешімі шықты.
-Негізгі себептердің бірі – халықтың медиация жайлы білмеуі, оның мүмкіндіктері жайында хабарсыз болуы, мән-мағынасын түсінбеуі. Екінші себебі – өңірде кәсіби медиаторлардың жоқтығы. Мәселен М.Жұмабаев ауданында 16 кәсіби емес медиатор болса, соның біреуі ғана нақты жұмыс істейді. Аққайың ауданында осындай 9 медиатор болса, мұнда да соның біреуі өз міндетін атқарып жүр. Мамлют ауданында 7 кәсіби емес медиатордың тек екеуі ғана жұмыс істеп келеді, — дейді Солтүстік Қазақстан облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев.
Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасы «Халықаралық медиация орталығы» РҚБ СҚО бойынша өкілі Алтын би Бесембаевамен меморандумға отырды.
-Меморандум нәтижесінде біздің медиаторларымыз «Халықаралық медиация орталығы» РҚБ оқытудан өтіп, білімдерін жетілдіре алады. Бұл ынтымақтастық пен өзара іс-қимылға, сондай-ақ өңірде медиацияны жан-жақты дамытуға мүмкіндік бермек. Сот процедурасы шынымен қажет болған кезде немесе балама әдістер сәтсіз болған жағдайда ғана қолданылуы керек. Істің сотқа жетпей, мәмілеге келу арқылы шешілуі судьяларға, адвокаттар мен тараптарға тиімді болмақ, — дейді көлік прокуроры.
Ашық көздерден алынған сурет