СҚО-да полиция қызметкерлері аудан тұрғынын интернет-алаяқтықтан сақтап қалды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда полицейлер мен банк филиалы басшылығының бірлескен іс-әрекеттері ауыл тұрғынын интернет-алаяқтықтан аман алып қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Шал ақын ауданының 54 жастағы тұрғыны 1 миллион теңге несие алу үшін   Новоишимка ауылындағы банкке барған. Ақшаны алып жатқан әйелдің абыржыған күйін аңғарған менеджер, бөгде адамның қысымымен әрекет жасап жатқан жоқсыз ба деп сұраған. Әйел оның сөзін растап, өзінің күмәні бар екенін айтқан. Банк филиалының басшысы полицияға жүгінген. Аудандық  полиция бөлімінің жедел уәкілі ауыл тұрғынымен кездескенде өзін «қаржы бақылау» қызметкерімін деп таныстырған белгісіз біреудің қоңырау шалғанын және сіздің атыңызға несие ресімдеп жатыр деп хабарлағанын айтқан.  Алаяқ «қылмыскерлерді әшкерелеу үшін» өз атыңызға несие алып, қаражатты «резервтік шотқа» аудару керек деген.  Полицейлер әйелге бұл интернет-алаяқтықтың кеңінен тараған схемасы екенін айтып түсіндірді. Ауыл тұрғынының сөзінше, ол мұндай алаяқтық туралы естіген, алайда өзінің дәл осындай жағдайға ұшырайтынын ойламапты.

-Алаяқ банк қызметкерлерінің қылмыскерлермен сөз байласқандарын, сондықтан олармен байланысуға болмайтынын айтып сендірген. Сондай-ақ қаскөйлер жәбірленушіге банк қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр деп айтқан. Иландыру үшін  WhatsApp арқылы жалған құжаттардың көшірмелерін де жолдаған. Абырой болғанда, банк қызметкерлерінің сауатты іс-әрекеті қылмыстың алдын алды. Аталған факті аудандық ПБ ақпараттарды есепке алу кітабына енгізілді, банк әйелге ресімделген несиені жапты, деді аудандық ПБ бастығы полиция подполковнигі Марат Әлжанов.

Мұндай іс-әрекет – интернет-алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында аудандық полиция мен банк филиалының арасындағы қол жеткізген келісім нәтижесі. Тәртіп сақшылары «банктен келіп түсетін қоңырауларға» сенуге болмайтынын еске салады. Жыл басынан облысымызда осы схема бойынша жасалған 107 алаяқтық тіркелген.

Фото: СҚО ПД .

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz