Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Әлихан Смайылов Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Әл-Бахр» сарайында БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Премьер-министр биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде дипломатиялық қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
– Біз өзара қызығушылық тудыратын экономиканың барлық салаларында кең ауқымды ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріне Қазақстанның халықаралық бастамаларын әрдайым тұрақты түрде қолдап отырғаны үшін алғыс айтамыз, – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр соңғы жылдары түрлі салалардағы бірлескен жобалар санының өсуі байқалып отырғанын айтты.
– Инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыру және тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар. Үкімет инвесторларға олардың бастамаларын іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Жақын арада біз жаңа бірлескен жобаларды іске қосамыз деп үміттенемін, – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-министр БАӘ президентіне Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіру жұмыстарына 1 млн. доллар көлемінде көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерін ерекше достық қатынастар байланыстыратынын атап өтті.
– Мен екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарын толық қолдаймын, – деп атап өткен БАӘ президенті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық ықыласы мен шынайы тілегін жеткізді.
Фото: ашық дереккөздерден.