Солтүстік Қазақстан облысында тыңайтқышты сақтауда экологиялық талаптарды бұзған жауапкершілігі шектеулі серіктестікті экология департаменті сотқа берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО бойынша экология департаментінің мәліметінше, биыл маусым айында ведомствоға Шал ақын ауданы Новопокровка елді мекенінің тұрғындарынан ұжымдық өтініш түскен. Халық «Асыл логистикс» ЖШС-ге қатысты тексеріс жүргізуді сұраған. Соның негізінде шаруашылықтың Шал ақын ауданы Новопокровка елді мекенінде орналасқан нысанында экологиялық талаптардың сақталуына, соның ішінде өсімдіктерді қорғауға арналған құралдарды, минералды тыңайтқыштарды және басқа да препараттарды тасымалдау, сақтау мен қолдану ережелерінің орындалуына кезектен тыс тексеріс жүргізілді.
Тексерістің қорытындысы бойынша сұйық тыңайтқыштарды сақтауда экологиялық талаптардың бұзылғаны, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес міндетті мемлекеттік экологиялық сараптаманың жасалмағандығы анықталған. Осыған байланысты экологтар әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырып, олқылықтардың орнын толтыруға нұсқама берді. Алайда, ЖШС тексерістің қорытындысымен келіспей, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына оны заңсыз деп танып, олқылықтардың орнын толтыру туралы ұсынымның күшін жою жөнінде талап жолдады. Сот ЖШС-нің экология департаментіне қатысты талап-арызын қанағаттандырмады.
Мамандардың айтуынша, 26 тамызда СҚО бойынша экология департаменті облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Шал ақын ауданы Новопокровка елді мекенінде орналасқан сұйық тыңайтқыштар құйылған арнайы ыдыстарды қолдануды тоқтатуға талап арыз жолдады. Оған экологиялық заңнаманың бұзылуы негіз болды. Сот талап арызды өндіріске алып, азаматтық іс қозғалды.
Естеріңізге салайық, Шал ақын ауданы Кривощеков елді мекенінде химикаттан уланып, 30-дан астам қой қырылып қалған еді. Ауыл тұрғындары бұл жағдай Новопокровка елді мекеніндегі қайталануы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр.