Петропавлда 40 шақты адамды алдаған екі алаяққа сот үкімі шықты

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлда екі жігіт өздері сияқты жастарды алдап, оларға тауарлық несие алдырған. Салдарынан 40 шақты адам зардап шекті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 19 және 21 жастағы екі тұрғыны былтыр жазда алаяқтық жасаған. Тергеу анықтағандай, олар тауарлық несиенің күшін жоя алатындықтарын айтып, аздаған ақшалай сыйақы үшін жәбірленушілерді құны 180 мың теңге шамасында болатын ұялы телефонды несиеге сатып алуға көндірген. Қаскөйлер алынған тауарларды жарты бағасына сатқан. Ал, олардың «қармағына» түскендер біраз уақыттан кейін несие ұйымдарына әлі де қарыздары бар екенін білген.
Петропавлдың 19 жастағы тұрғыны 23 адамды алдағаны анықталды. Екінші, 21 жастағы жігіттің ісінде 13 эпизод бар. Полицияға алаяқтық туралы арыз түсе бастаған кезде, екі алаяқ ұсталды. Қазіргі уақытта олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша жазасын өтеп жатыр. Біріншісіне 3,5 жыл, екіншісіне 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

– Адамдарға күмәнді ұсыныстарға сенуге болмайтындығын еске саламыз. Алаяқтар тез әрі оңай табыс табуға болады деп алдап, жұрттың ақшасын иемденуге тырысады. Интернет кеңістігінде де сақ болу керек. Жыл басынан 23 солтүстікқазақстандық «ақшаны еселеу» туралы хабарландыруларға сеніп, алданып қалды, — дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz