Хоккейден ел біріншілігі аясында «Qulager» клубы өз мұз айдынында павлодарлық «Ertis» командасына қарсы екі ойын өткізді. Бірінші кездесуде жерлестеріміз қарсыластарына есе жіберсе, қарымта матчта жеңіске жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бірінші кездесуде солтүстікқазақстандық хоккейшілер павлодарлықтарға 3:4 есебімен жеңілсе де, ойын тізгіні жерлестерімізде болды. Алғашқы минуттардан бастап, қарсылас қақпасын нысанаға алған құлагерліктер есепті 8-ші минутта ашты. Нәтижелі соққының авторы – Александр Своеволин.
Матчтың екінші бөлімінде «Ertis» шабуылшысы Диас Атаханов таразы басын теңестірді. Қуанышымызға орай, «Qulager» клубы тез арада есін жинап, алға шықты. Бұл жолы шайбаны қорғаушы Даниил Васильев соқты. Кейін қонақтар есе қайтаруға тырысқанымен, көпке дейін алаң иелері қорғаныста жақсы ойнады. Тек 37-ші минутта ғана ертістік ойыншы өз мүмкіндігін мүлт жібермей, Александр Гончаров гол авторы атанды. Үшінші кезеңде қарсыластарымыз есепте алға шығып қана қоймай, екі шайбаны қақпаға дәл дарыта алды. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда қызылжарлық Артем Подшендялов матчтағы соңғы нәтижелі соққыны жасады.
Екінші кездесуде ойын өзге мәнерде өрбіді. Жерлестеріміздің әр шабуылы нәтижелі соққылармен аяқталып жатты. Бұл жолы матч жерлестеріміз айқын басымдық танытып, 8:2 есебімен жеңіске жетті.