М. Жұмабаев ауданында 28 жастағы жергілікті тұрғын жаңа туған нәрестесінен бас тартқан, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Орталық аудандық ауруханада жаңа туған сәбиін қалдырып кеткен 28 жастағы жергілікті тұрғын туралы аудандық полиция бөліміне ақпарат келіп түскен. Кейін шешімін өзгертіп, баланы алып кеткен ол, белгіленген мерзімде тексеруге келмеген.
Шала туған нәрестенің тағдырына алаңдаған дәрігерлер оны өздері іздеп табуға тырысқан. Нәтиже шықпаған соң, полицияға жүгінуге тура келген. Тексеру барысында полицейлер сәбиіне немқұрайлы қараған ананы бір тәулік ішінде аудандағы ауылдардың бірінде тұратын туысының үйнен тапты. Тәртіп сақшылары оны баланы қажетті тексеруден өткізу үшін сәбиімен бірге ауруханаға жеткізді.
– Аталған факті туралы ювеналдық полицейлер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға хабар берді. 26 қыркүйекте көшпелі отырыс өтті. Онда ауыл тұрғынының материалдық жағдайының қиындығы туралы өтініш жазуына байланысты, сәбиді Петропавл қаласындағы балалар үйіне уақытша орналастыру мәселесі шешілуде,- дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Бахтияр Есімов.