Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балабақшаларға қойылатын талаптар туралы жаңа бұйрықты түсіндірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейтетін бұйрық шықты. Енді мемлекеттік тапсырыс балаларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған жаңа ережелер бойынша беріледі.
Асхат Аймағамбетов бұйрықтың негізгі тармақтарына тоқталып өтті. Оның ішінде:
— өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Сондай-ақ дабыл түймесі мен ішкі дауыстық ескерту жүйесі болуы қажет,
— міндетті түрде бейнекамера орнату,
— ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін арнайы жағдай жасау,
— балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға сәйкестігі,
— балаларға қолайлы пәндік дамыту ортасын қалыптастыру үшін балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтау,
— медициналық көмек көрсетумен қамтамасыз ету,
– Сонымен бірге мемлекеттік тапсырысты алу үшін берілген өтінімдер мен құжаттарды енді білім бөлімі сайтқа орналастыруы тиіс. Қоғам ұсынылған құжаттарды көре алуы үшін және соның негізінде осы мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік тапсырыс алушылар тізіміне енгізілген. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мемлекеттік тапсырыс берудің ашықтығын қамтамасыз етуі керек,- деді Министр.