Солтүстік Қазақстан облысында 25 және 30 жастағы Алматы қаласының тұрғындары сотталды. Олар интернет арқылы Петропавл тұрғынын алдап, 8,5 млн. теңгесін қалтаға басқан, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осыдан бір жыл бұрын Петропавл тұрғынына қоңырау шалып өзін банк қызметкерімін деп таныстырған біреу, оның атына қылмыскерлердің несие ресімдегенін айтқан. Оларға тосқауыл қою үшін тез арада несие алып, ақшаны көрсетілген шоқта салу қажет деген. Алаяқтың нұсқауымен әйел бес банктен қарыз ресімдеген.
СҚО полицейлері алматылық әріптестерімен бірге осы қылмысқа қатысы бар бір топ адамды анықтады. Нәтижесінде Петропавлда Алматының екі тұрғыны сот алдында жауап берді. Олар алаяқтық топтың басқа мүшелеріне жіберу үшін ақшаны қабылдап отырған. 30 жастағы қылмыскер – қаржы технологияларын жетік білетін бұрынғы банк қызметкері жәбірленушілерден түскен ақшаны криптовалютаға айналдырып отырған.
– Сондай-ақ, қылмыскерлер ақшаға мұқтаж жандарды тауып, алаяқтық әрекеттерін іске асыру үшін олардан банк карточкаларын сатып алып отырған. Сот 30 жастағы қылмыскерді 4 жылға бас бостандығынан айырса, оның сыбайласы 3,5 жылға сотталды. Банктен келіп түсетін қоңырауларға сенуге, бөгде адамдардың айтуымен қаржы операцияларын жасауға болмайтынын еске саламыз. Күмән тудырса банк филиалына барыңыз немесе полицияға хабарлаңыз, — дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
СҚО-да 8 айдың ішінде «банктен қоңырау шалу» бойынша 107 интернет-алаяқтық тіркелді.