Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бірінші жарыс күні аяқталды. Көкпардан Қазақстан құрамасы Өзбекстан құрамасын 8:1 есебімен ұтып, келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Көкпардан Қазақстан құрамасының қоржынына нәтижелі «салым» түсті. Оның ішінде Құрманбек Тұрғанбек үш рет, Абылайхан Нышанбеков, Арман Жамалбеков, Ынтымақ Әліпбаев, Ислам Рат және Айнабек Бердіқұл бір-бірден салды. Қазақ көкпаршылары арасындағы келесі текетірес Моңғолия өкілдерімен өтеді. Дәстүрлі садақ атудан Қасымхан Қанат, Әли Сессигузель және Азамат Нұртаев жартылай финалға шықты. Әйелдер арасындағы үздік 16 мергеннің қатарына Айым Тілепберген мен Аяулым Аппазова кірді.