СҚО-ға жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасының қоғамдық қауіпсіздік университетінің бастығы Мирзаюсуп Рустамбаев бастаған делегация келді. Шетелдік меймандар Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери академиясында болып, жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өзбекстандық делегацияның өңірге келуінің басты мақсаты – қазақстандық білім ордасымен тәжірибе алмасып, екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастықты нығайту. Бұл тақырыпта Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Қазіргі заманғы жағдайларда әскери білім беруді жетілдіру: тәжірибе алмасу, шынайылық және перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Қос тараптың оқытушылары оқу үдерісінде жаңа технологияларды пайдалану, кадрларды даярлау тұрғысында ғылыми зерттеулерін ұсынды. Шараға сондай-ақ ресейлік әскери университеттердің өкілдері де қатысты.
Конференция соңында петропавлдық жоғары әскери оқу орны мен Өзбекстан республикасының қоғамдық қауіпсіздің университетінің өкілдері ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және озық тәжірибемен алмасу мәселелеріндегі ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандумға қол қойды. Жиынды қорытындылаған академияның бастығы полковник Артур Тоқышев әскери кадрларды даярлау мәселелеріндегі екіжақты ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың одан әрі дамуына және нығаюына сенім білдірді. Өз кезегінде Мирзаюсуп Рустамбаев қазақстандық тарапқа шақырғаны үшін алғыс айтты.