СҚО қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында өңірдегі жер қорының жай-күйі, жер учаскелерін бөлу тәртібі, жер нарығын дамыту перспективалары, пайдаланылмаған және заңсыз бөлінген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2017 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде облыс бойынша жалпы ауданы 591 мың гектар жерге 90 конкурс өткізілсе, ағымдағы жылы 62 мың гектарға 14 конкурс жарияланды.
— 2022 жылғы наурызда енгізілген жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың ашық бірыңғай тізіліміне сәйкес кезекте 19570 өтініш беруші тұр, оның ішінде 15894-і Петропавл қаласында, 3676-сы облыс аудандарында, — деді СҚО әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік объектісі ретінде жер нарығын дамыту перспективасы, жер үшін бюджетке төлемдердің тұрақты түсуі үшін негіздер жасалуда. 2019 жылдан бастап 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңде облыс бойынша коммерциялық мақсаттар үшін елді мекендердің жерлері жеке меншікке 233 га алаңда 1053 жер учаскесі, 7154 га алаңда 1331 учаске уақытша өтеулі жер пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда жалпы ауданы 192,5 мың га жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту бойынша жұмыстар жүргізілді.