Петропавлда мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Оқушылар сарайында салтанатты жиын өтіп, оған білім беру ұйымдарының директорлары мен мұғалімдері, педагогикалық еңбек ардагерлері қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, мұғалімдер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша бүгінгі таңда облыста 12000 педагог еңбек етуде.
– Облыстың білім беру ұйымдарында 3000 мыңнан астам жас педагог бар. Оның 260-ы осы оқу жылында еңбек жолын бастады. Өңірлік университетпен бірлесіп сабақтас пәндер бойынша мамандар даярлау мәселесі пысықталды, — деді Назир Жәшібеков.
Шара соңында өңірдің білім беру саласына қосқан үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлнәр Загипарова, Есіл ауданы Ясновка орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Елена Сафронова, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының директоры Ержанат Бәкіров, Ленинград ауыл шаруашылығы колледжі директорының тәрбие ісі меңгерушісі Нина Патонич пен Петропавл қаласының Оқушылар сарайының директоры Дина Әбілмажінова марапатталды.