Елордада өтіп жатқан AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
AMANAT партиясының және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бүгінгі реформалардың басты мақсаты әділеттілік, теңдік, бірлік принциптерін орнықтыру екенін баса айтты.
– Біз өткенге кері қайтпауымыз керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан, президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!, — деді Ерлан Қошанов.
Айта кетейік, бүгін барлық облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы партиялықтар «AMANAT»-тың басты саяси іс-шарасына жиналды. Съезге жалпы 1200 делегат қатысып отыр. Оның 700-і – еліміздің түкпір-түкпірінен келген партия мүшелері. Еске салайық, биылғы 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді.