СҚО-да биыл инфляция 18% — ға жетті. Тамызда 16%, шілдеде 14,8% құрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы департаментінің мәліметінше, бір жыл ішінде азық – түлік тауарларының бағасы 23% — ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 16% — дан астам өсіп, ақылы қызметтер 13% — ға қымбаттады.
Азық – түлік арасында қанттың бағасы – 81%, ұн – 45%, жарма-42%-ға өсті. Сүт өнімдері мен алкогольсіз сусындардың құны 20% -ға, жаңа піскен көкөністердің бағасы 15% -ға шарықтады.
Тұрмыстық аспаптар, жуу және тазалау құралдары, тұрғын үй – жайларға қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған материалдар, киім мен аяқ киім, фармацевтикалық өнімдер-барлығы 10-25% — ға қымбаттады. Тұрғын үйді жалға алу бағасының өсуі – 52% — ға өссе, қоғамдық тамақтандыру қызметтерінің құны үштен біріне, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету мекемелерінің құны 21% — ға өсті.