Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, күйші, домбырашы, ардагер ұстаз Серікбай Құсайынов 5 қазан күні 85 жасқа толды. Мерейтойға орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Саусағынан күй төгілген» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық ардагерлеер кеңесінің мүшелері, жастар, мерейтой иесінің ауылдастары, әріптестері, туған-туысқандары қатысты. Кеш тізгінін ұстаған жазушы, журналист Жақсыбай Самрат мерейтой иесінің өмір жолы мен шығармашылық жетістіктеріне тоқталып өтті.
— Серікбай аға әлі күнге дейін қолынан домбырасын тастамай келеді. Ол Қызылжар өңірінде ұлттық өнерді жаңғыртып, алғашқы кәсіби домбыра сыныбын ашқан. Бүгінгі күндері білікті ұстаздың дарынды шәкірттері түрлі деңгейдегі сахналарда өнер көрсетіп жүр. Ұлттық өнер — күйдің тарихын зерттеуден жалыққан емес,- деді Жақсыбай Самрат.
Кеш қонақтары мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, оның облыстағы күй өнерін дамытуға қосқан үлесін сөз етті. Серікбай Құсайыновты мерейлі жасымен академик Зарқын Тайшыбай, облыстың құрметті азаматтары Амандық Жантеміров, Жамбыл Тасеменов, Тілек Әбдірахманов, журналист Қошан Қали, еңбек ардагері Марал Оспанова, Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің мұғалімі Айгүл Ысқақова құттықтады.
Мерейтой иесінің өзі ұзақ жыл еңбек еткен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының шәкірттері де өнерлерін ортаға салды. Аталған гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жақсылық Есенғалиева игі тілегін айтып, мектеп ұжымы атынан сый-сыяпат табыстады. Кәсіпкер Жомарт Омаров домбырашыны құрметтеп, иығына шапан жапты. Шара соңында Серікбай Құсайынов жиналғандарға өз алғысын білдірді.