Қызылжар ауданы Бескөл ауылында ат жарысы маусымының жабылуы өтті. «Құлагер» ипподромында ұлттық ат спорт ойындары мен аламан бәйге ұйымдастырылды. Тартысты додаға Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Айыртау және Есіл аудандарының жалпы 40 сәйгүлігі қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Дәстүрлі жазғы ат жарысы маусымының жабылуында 1600 м ұшқыр бәйге, 7000 м – жорға жарыс, 10000 м. топ бәйге және 15 км қашықтықта аламан бәйге ұйымдастырылды. Осы жолы жалпы 40 бас сәйгүлік жиналды. 1600 метрде өткен ұшқыр бәйгеде Айыртаулық Дмитрий Волков қарсыластарын шаң қаптырды. Оның «Дон свифт» есімді үш жасар тұлпары алдына жан салмады. Тұлпар мәреге 1 минут 37 секундта келді. Мәре сызығын екінші болып Есіл ауданының шабандозы «След» есімді тұлпарды тізгіндеген Алина Колесникова кесіп өтсе, үшінші болып Ғабит Мүсірепов ауданының өкілі «Баян» есімді тұлпарын тізгіндеген Сабыржан Баймағамбетов келді.
Жорға жарысынан 1 орынды Мағжан Жұмабаев ауданының шабандозы «Реванш» атын тізгіндеген Ангелина Борисеевич иеленсе, 2 орынды Ақжар ауданының шабандозы «Мотив» есімді тұлпарын тізгіндеген Александр Корнилов жеңді. Ал үшінші орынды Ғабит Мүсірепов ауданының шабандозы «Айвенго» есімді атын тізгіндеген Қайникамал Садвокасова місе тұтты.
Топ бәйгеден 1 орынды Уәлиханов ауданының шабандозы «Жұлдыз» есімді сәйгүлігімен шапқан Шыңғысхан Махатов жеңді. 2 орынды Мамлют ауданының өкілі «Ағын» есімді тұлпарын тізгіндеген Дидар Серкен иеленсе, 3 орынға Шал ақын аудынының шабандозы «Көктөбе» есімді тұлпарые тізгіндеген Манар Алишер тұрақтады. Ең соңында көрермен “Аламан бәйгені” тамашалады. Мұнда шабандоздар әбден жаратылып, ащы терлері алынған тұлпарлармен 15 шақырымға шапты. Бұл сайыста Есіл ауданының шабандозы «Көктерек» есімді тұлпарын тізгіндеген Әлихан Мединовтың мерейі үстем болды. Дода соңында жүлдегерлер ақшалай сыйақы және кубок, медальдармен марапатталды.