Солтүстік Қазақстан облысында электрмен жабдықтауды жақсарту мақсатында кернеуі 110 кВ жоғары вольтты электр желісінің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Новомихайловка-Литейная» деп аталатын жаңа жоба Мамлют және Жамбыл аудандарын электрмен жабдықтауды жақсартады. Оны жүзеге асыруға компания 900 млн. теңге жұмсамақ.Ірі құрылыс ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажет қосымша энергия қуатын беру арқылы солтүстік өңірдің бизнестің әлеуетін жақсартады. Сондай-ақ 20 елді мекенде де электр қуатының сапасы жақсарады.
– «Новомихайловка-Литейная» жобасы 52 шақырымға созылады, жұмыс барысында әрқайсысы 7 тонналық, биіктігі 26 метр болатын 300 металл баған қойылады. Мамандардың айтуынша, жұмыс оңай емес, соңғы рет мұндай жоба облыста 30 жыл бұрын атқарылған. Бүгінгі құрылысшылар жаңа материалдар қолдануда. Тіреуіштерге бұрынғыдай ағаш емес, бетон және темір алынған, яғни дала-орман өрті шықса, оларға ештеңе болмайды. Дайын бетон көлікпен әкелінсе, метал тіреуіштер сол жерде құрастырылады. Тіреуіштерді орнатумен 4 монтаждаушы және көтергіш кран жұмыс істеп жатыр. Техниканың міндеті — дайын тіректің жоғарғы бөлігін ұстап, алдын-ала дайындалған іргетастың үстіне көтеру. 3 метр тереңдікке тіреу үшін алдын-ала бекіткіштер қазылып, орнатылды. Бір тіреуішті қоюға екі сағат уақыт жұмсалады. Жұмыс техникалық жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр», — дейді «Северо-Казахстанская РЭК» АҚ бас инженері Виталий Фесько.
Жобаны «АСБ Электромонтаж» ЖШС тәжірибелі мердігерлері іске асыруда. 15 адамнан тұратын бригада шағын топтарға бөлінген және әрқайсысының өз міндеті бар. Бүгінгі таңда жалпы жұмыстың 70 % орындалды. «Новомихайловка» қосалқы станциясынан «Леденевоға» дейінгі желінің алғашқы 25 шақырымы 2021 жылдың басында орнатылып, сыналды. 2022 жылдың желтоқсанында энергетиктер құрылысты толық аяқтап, электр желісіне кернеу беруді жоспарлаған.
– Желінің бірінші бөлігі орнатылды және оған кернеу жіберілді. Ол қазір жұмысты аяқтау үшін уақытша өшірілген. Жыл соңына дейін біз жобаны аяқтаймыз. Қазір 10 металл тіректерді орнату қалды. Бетон тіректер барлығы қойылған. Аязға дейін техника қатып қалмас үшін жермен жұмыстарды аяқтамақпыз. Ал сымды суықта да тартуға болады, — дейді «АСБ Электромонтаж» ЖШС директорының орынбасары Виталий Плаксин.