Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шаруаларды астық жинау нәтижелерімен құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
16 қазанда Қазақстанда Нан күні аталып өтеді. Мерекелік күн 2019 жылы Үкіметтің қаулысымен белгіленді. Бұл күн нан өнімдерінің, сондай-ақ нан өндірісіне қатысы бар барлық мамандардың: нан өндірушілер, ұн тартушылар мен наубайшылардың жоғары мәртебесін нығайтуға арналған. Биыл нан өнімі бұрын белгіленген болжамды деңгейден асып түсті. Мәселен, жоспарланған 19,5 млн. тонна бункерлік салмақтағы астықтың орнына бүгінде 21,7 млн тоннадан астам астық бастырылды. Сонымен қатар, 16,3 млн тоннадан астам бидай жиналды, бункерлік салмақта 14,1 млн тонна жиналады деп болжанған болатын. Мұның бәрі нан өсірушілердің қажымас еңбегінің арқасында мүмкін болды. Бүгінгі таңда қазақстандық фермерлердің астықпен отандық нарықты ғана емес, оны біздің өнімдеріміздің сапалық көрсеткіштері жоғары бағаланатын шет мемлекеттерге саудалауға мүмкіндігі бар.
Жаппай егін жинау аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық диқандарды құттықтап, денсаулық пен еңбектеріне табыс тіледі.
– Диқандарымыздың жоғары кәсібилігінің, өз ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды. Біз тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтардың жан жақты дамуына бірдей мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан ауыл тұрғындарының әл- ауқатын арттырып, тұрмыс салтын жақсарту — біздің басты міндетіміз. Барша дихандарға зор денсаулық пен бақ береке тілеймін, — деді Президент құттықтау хатында.