Петропавлда жыл басынан 1000-нан астам отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Үйдегі ұрыс-керіс кезінде 18 қылмыс жасалған. Олардың барлығы жанжалдан, қорлаудан, психологиялық зорлық-зомбылық, күш көрсетуден басталған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 46 жастағы тұрғыны тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сот оның жүріс-тұрысына ерекше талаптар қойды. Оған 3 ай бойы алкоголь ішуге тыйым салынды. Алайда, учаскелік инспектор тексеріс барысында оны екі рет мас күйде көрген. Ерекше талаптарды орындамағаны үшін ер адам екі жағдайда да 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
– Тәжірибе көрсеткендей, жазаға тартылған бұзақылар жағдайдан қорытынды жасамайды. Сот шешімін елемейтін кездер болады. Олар маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделгеннен кейін ғана түзелуі мүмкін. Ол үшін жақын туыстарының өтініші қажет. Алайда, адамдардың басым бөлігі жанжалқойлардың әрекеттеріне көнуге дайын тұрады. Отбасылық жанжал кезінде соққыға жығылғанымен, зардап шеккендер кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы арыз жазудан бас тартып, татуласып жатады. Жазасыздық отбасындағы зорлық-зомбылықтың қайталануына әкеледі, — дейді Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетов.