Петропавлда грек-рим күресінен республикалық турнир өтті

Авторы: Qyzyljar News

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, КСРО-ның спорт шебері Жамбыл Тасеменовтің жүлдесіне грек-рим күресінен дәстүрлі турнир өтті. Он бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан жарыста бұл жолы Қазақстан мен Қырғызстан спортшылары бақ сынасты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев спорт мектебінің негізін салған Жамбыл Серғазыұлының өмір жолына тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазақстан мен Қырғызстанның әр қиырынан жиналған жүзге жуық балғын балуан боз кілемде жасындай жарқылдап, мықтылары жеңімпаз атанды. Жастарының кішілігіне қарамастан небір айла-тәсілдерді қолданып, шеберліктерін көрсете білді.

– Бүгінгі турнирге 11 команда келді. Соның ішінде Қырғызстаннан екі команда, Ақмола облысынан үш команда, Қарағанды облысынан екі команда келгенін, Солтүстік Қазақстан облысынан төрт ұжым қатысып жатқанын айта кеткен жөн, – дейді күрес майталманы Жамбыл Тасеменов.

Жарыс қорытындысы бойынша спортқа дарынды балаларға арналған Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының өкілдері Константин Белозеров (45 кг.), Арыстан Құрбан (80 кг.), Нұрислам Айткен (92 кг.) жеңіс тұғырына көтерілді. 41 килограмм салмақта белдескен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер күрес мектебінің өкілі Ердәулет Жақсылықов ақтық сайысқа дейін алқынбай жеткенімен, оның жолын Қырғызстанның жас қыраны Рамазан Гасанов бөгеді. Қарағанды облысының өкілдері Артем Фатьянов өз салмақ дәрежесінде (55 килограмм) алтын медаль еншілесе, 51 килограмм бойынша Темірлан Есенге қарсы келер ешкім болмады.

Бұл додада қырғызстандықтардың мерейі үстем болды. 48 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Умар Омурбеков 1 орынға қол жеткізсе, 65 килограмм салмақта күрескен Эржан Ақылбектің де асығы алшысынан түсті. 60 килограммда күрескен Салман Данияров алтын медаль иеленсе, 72 килограмм салмақта Ырыскелді Хамзаев бірінші орынға қол жеткізді. Турнир екі күнге жалғасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz