Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында қыста автожолдарды талапқа сай күтіп ұстау мәселесі талқыланып, орын алған көптеген олқылықтардың беті ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әкімдік отырысында алдымен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің есебі тыңдалды. Оның сөзіне сенсек, бәрі тап-тұйнақтай секілді. Қыстан қысылмай-қымтырылмай өте шығатын сияқтымыз. Жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 7 мың шақырымнан асса, қысқы күтіміне 1 млрд. теңге қарастырылған. 35 мың шаршы метр жол жиегіндегі қар ұстайтын бұталар кесіліп, көктайғақ кезінде шашатын 1650 тонна құм жеткізілген.Жауапты науқанға 12 мердігерлік ұйым, 240-қа жуық адам, 114 техника жұмылдырылмақ. 5 мың шақырым ауданішілік жолдың 1,4 мың шақырымын қардан тазалауға шаруашылықтар жәрдемдеспек. Бұдан бөлек, 220 млн. теңгеге келісімшарт жасалған. Қауіпті учаскелер 863 шақырымды құрайды. Арықбалық – Чистополье, Ершовка – Арықбалық – Чистополье, Саумалкөл – Новоишим – Червонное, Благовещенка – Қайранкөл, Покровка – Корнеевка – Горное бағыттарындағы жолдарды жылда қар алып қалады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Қанат Өсербаевтың жасаған баяндамасында да бірыңғай жетістіктер тізбеленіп, проблемалық мәселелер қалың қағаздың астында көміліп қала берді. Ол республикалық маңыздағы автомобиль жолдары 1970 шақырымды қамтитынын, 26 көпір, 607 су өткізу құбыры жұмыс істейтінін, 31 шақырым жол қайта жаңартылып жатқанын, жолдардың қысқы күтіміне 2,590 млрд.теңге бөлініп, 2,126 млрд. игерілгенін, жол жиегіндегі ағаштың 75 пайызы оталғанын, 102 адамға арналған 11 жылыту орны ойластырылғанын жеткізді.
Құмар Ақсақалов облыс аумағындағы жолдарды қысқы маусымға дайындауға және күтіп ұстауға тікелей жауап беретін екі мекеме басшылығы тарапынан жіберіліп отырған кемшіліктер көп екенін нақты мысалдармен дәйектеді. Бұл іске ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын тарту жеткіліксіз. Жол жиектерін тазалау, бұталарды кесу, су өткізу құрылғыларын ретке келтіру, қардан қорғау біліктерін орнату жайы қанағаттандырмайды. Былтыр Тимирязев ауданына қарасты Ленин елді мекені қар құрсауында қалып, тұрғындарының бірнеше күн бойы сыртпен байланысы үзілген. Биыл мұндай жағдай кез келген ауылда қайталануы әбден ықтимал.
Осы себепті Құмар Іргебайұлы жан-жақты әзірлікті қазірден бастап, оны үйлестіріп, тікелей бақылауға алуды, сондай-ақ автомобиль жолдарын қысқа әзірлеу шараларын күшейтуге байланысты тиісті мекеме-ұйымдар мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.