СҚО-да картон-қағаз фабрикасы іске қосылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Соңғы жылдары қағаз өнімдеріне деген сұраныс артқан. Бұған елімізде қағаз өндіретін ірі кәсіпорындардың аздығы себеп болып отыр. Ал облыс орталығында ашылған қағаз-картон фабрикасы аталған мәселенің шешіліп, бағаның тұрақталуына оң әсер етпек. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 10 мың тоннаға дейін жететін болады. Фабриканың ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, өндіріс барысымен танысты.
-Біздің негізгі мақсатымыз — облыс экономикасын әртараптандыру. Қағаз фабрикасы жыл сайын 200 миллион теңгеге жуық салық төлейтін болады. Мұндай фабрикалардың ең ірісі Алматыда орналасқан. Содан кейінгі орында петропавлдағы өндіріс орны тұр. Елімізде 2025 жылға қарай полиэтилен өнімдерін пайдалану азайып, оның орнын қағаз бұйымдар басады. Өңіріміздегі қағаз өндірісі осы бағытта да жұмыс істейді. Әрі мұндай ірі нысандардың арқасында шағын және орта бизнес те дамитын болады,- деді Құмар Іргебайұлы.
Өндіріс орны 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Жобаның жалпы құны — 7 миллиард теңге. Мұнда майлықтар, А4, дәретхана қағазы сияқты сұранысқа ие өнім түрлері шығарылмақ. Өнім өзіміздікі болған соң бағасы да нарықтағыдан төмен.
-Бүгін біз жаңа жобаның тұсауын кесіп отырмыз. Фабрикада өнімнің 20 түрі шығарылады. Біз тәулігіне 7,5 мың тонна өнім шығаратын екі машина сатып алдық. Осылайша айына санитарлық-гигиеналық қағаздың 5 миллион данасын шығармақпыз. Алда әлі 3-5 қабатты картон шығаратын фабрика салатын жоспарымыз бар. Дайын өнімнің 40 пайызы эспортталады. Ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Әсіресе, Ресей нарығына шығудың пайдасы көп. Мамандарды Бескөл ауылындағы өз оқу орнымызда даярлаймыз,- дейді серіктестік басшысы Дмитрий Шарапаев.