Өңірімізге жұмыс сапарымен қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов келіп, өңір басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге облыс орталығында орналасқан бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Елордалық мейман «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт бір кездері әскери-өнеркәсіптік кешен жүйесінде құрылған болатын.
Бүгінгі таңда өндіріс орны әскери техникалар шығарады. Зауыт — тапсырыс берушінің қалауын ескере отырып, МЕМСТ, ОСТ, СТРК, ТЕМА, ASME және API стандарттарына сәйкес қазіргі заманғы технологиялар негізінде мұнай-газ өндіру, мұнай-газ өңдеу, мұнай-химия, химия, газ, энергетика және өнеркәсіптің басқа салаларына арналған жабдықтарды дайындау бойынша Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі. Зауытта әртүрлі жабдықтарды шығару үшін қажет барлық технологиялық бөліністер бар.