СҚО-да «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форум өтті

Авторы: Qyzyljar News

СҚО-да Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Республиканың әр өңірінен келген тіл жанашырларының басы қосылған форумды облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ашты.

– Тіл – халықтың ең құнды байлығы. Ана тіліміз – ұлтымыздың жаны. Оны келешек ұрпаққа жеткізу бізге аманат. Сонымен қатар өңірімізде өмір сүріп жатқан этникалық топтардың да тілін дамытуға барлық жағдай жасалып отыр, – деді Марат Иманбайұлы.

Өңірімізде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов тіл үйренемін деушілердің қатары қалыңдағанын айтты. Облыстық тілдерді оқыту орталығында 700-ден астам өзге этнос өкілі қазақ тілін үйреніп жүр. Облыс аудандарында және Петропавл қаласында жергілікті бюджет қаражаты есебінен ересектерге тіл үйренуге жағдай жасалуда. Қазір жұмыс істеп тұрған 71 топтың 61-іне қазақ тілін үйренемін деушілер келіп жүр. Сонымен қатар кәсіпорындар жанынан ашылған 266 үйірмеде 3800-ден астам адам қазақ тілін меңгеріп жатыр.

Форумға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін оны өзге этнос өкілдеріне мәжбүрлеп емес, қызықтырып үйрету керек деген ойын айтты. Әсіресе, қазақ тілінің аясын түрлі салалар бойынша дамыту зор нәтиже береді. Мысалы, қазіргі таңда қазақстандық дубляждың сапасы жоғарылап, қазақша дыбысталған шетелдік туындыларға сұраныс артуда. Сонымен қатар, жастар арасында аса танымал киберспорт ойындарын да қазақшалау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз септігін тигізер еді.

«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті Максим Рожин қазақ елінің патриоты Герольд Бельгерді тәрбиелеп-өсірген Қызылжар өңірінде мемлекеттік тіл ұмыт қалмайтынына сенім білдірді. Атақты жерлесімізді еске ала отырып, форумға жиналғандарға қазақ тілін жетік меңгерген адам ұлттың ділін, болмысын да түсінетінін айтты. Елімізде тілге қатысты туындап жатқан дау-дамайлар қазақтың тілін білмеудің, болмысын танымаудың салдары екені анық. Республикалық форум барысында диалог алаңдары құрылып, түрлі бағыттар бойынша мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жайы талқыланды. Әсіресе, қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдері бір-бірімен тәжірибе алмасып, көрген-түйгендерімен бөлісіп, туындаған мәселелерді шешуде өз ұсыныстарын айтты.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz