Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тәйімбетов ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында сайлау алдындағы үгіт- насихаттың тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы еске салды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл ретте қадағалау органының басшысы өңірде сайлау заңнамасын бұзушылықтар әлі тіркелмегенін хабарлады. Ол сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңда айқындалғанын және белгіленген нормаларды сақтамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтыратынын атап өтті.
-Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен сайлау алдындағы үгіт -насихаттың тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін тоғыз бап бойынша айыппұл көзделеді. Сайлау құқықтарына қол сұғатын осы және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істер қозғау прокурордың айрықша құзыретіне жатады. Осы санаттағы істерді соттар қарайды. Жоғарыда аталған барлық баптар бойынша азаматтар өз бетінше тікелей сотқа жүгіне алады. Бұл жағдайда істерді соттар прокурордың тікелей қатысуымен қарайды, — деп түсіндірді Бағбан Тәйімбетов.
Ол үгіт материалдарындағы бастапқы деректерге қойылатын талаптарды сақтау қажеттілігіне назар аударды. Олардың барлығында шығарған ұйым, шыққан жері мен таралымы, тапсырыс берген адамдар, қызметтерге қандай қаражат төленгені туралы мәліметтер болуы керек.
— Бұзушылықтың әрбір фактісі бойынша қолданыстағы заңнамада көзделген құқықтық шаралар қабылданады, — деп қорытындылады облыс прокуроры