СҚО тұрғыны 6,6 млн. теңгеден айырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, тамыз айында облыс тұрғыны YouTube әлеуметтік желісінде Halyk Bank жарнамасын көріп, сол арқылы пайда табу үшін ақша инвестицияларын салған. Қажетті сауалнама деректерін енгізгеннен кейін оған алаяқтар қоңырау шалып, 6,6 млн.теңге сомасында шотты толықтыруға несиелер ресімдеуге сендірген.
— Жақында әлеуметтік желілерде қазақстандық ұлттық компаниялар мен банктердің түрлі инвестициялық жобаларын таныстыратын жалған жарияланымдардың таралу жағдайлары жиілеп кетті. Барынша шынайы жасау үшін алаяқтар аталған басылымдарда Мемлекет басшысының және ашық көздерден алынған мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өзге де белгілі лауазымды адамдарының суреттерін орналастырады, — деп хабарлады прокуратура.
Қадағалау органында мұндай жағдайларда прокуратураның Call-орталығына: 8-705-842-73-06 немесе 102 нөміріне жүгіну ұсынылды.