Петропавлда қала шетіндегі сулы-батпақты жерлер зерттеледі. Мәселе облыстық әкімдіктің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қызылжар су» ЖШС бас директоры Жеңіс Сұлтанов жеке үйлер орналасқан аудандарда орталықтандырылған кәріз желілерін салу жақын арада шешілуі қажет мәселелердің қатарында екенін атап өтті.
— Тұрғын үйлерге су қосылғанымен оларда кәріз жоқ. Тұрғындар ауласында шұңқыр қазып алады. Мұның бәрі жер асты суларының көтерілуіне және аумақтарда батпақ пен шалшықтардың көбейуіне әкеледі, — деді Жеңіс Сұлтанов.
Қала әкімі Руслан Аңбаев бұл мәселемен келісіп, сулы-батпақты жерлерді егжей-тегжейлі зерттеу қажеттілігі туралы хабарлады. Қала басшысының айтуынша, техникалық тапсырма дайын. Өткен жылы байқау жарияланғанымен бұл жұмыспен айналысқысы келетіндер болмаған.
— Алматы қаласының мамандарымен байланысқа шықтық. Қала аумағына іргелес жатқан сулы-батпақты жерлерді зерттеу және жоба дайындау бойынша конкурс өткізетін боламыз. Бұның бәрі алдағы уақыттаағын судың сорғы орнатылған станцияларына тура түсуі үшін жасалынады,- деді Руслан Аңбаев.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жоспарларды қолдап, қазір алдағы үш жылға арналған бюджет қарастырылып жатқанын және онда сулы-батпақты жерлерді құрғату шығындарын қарастыру қажет екенін атап өтті.