Мемлекет басшысы «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рақымшылыққа қаңтар оқиғасына қатысқандар ілінеді. Амнистия жалпы алғанда 1500-дей адамды қамтиды. Заңға сәйкес, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Егер сотталған адамның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық босатылады.
Ал террористер, экстремистер, рецидивистер, адамды азаптағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте халыққа арнаған жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдағанын жария еткен болатын.