Солтүстік Қазақстан облысында биоэтанол өндіретін «Biooperations» кәсіпорнына экологиялық бұзушылықтар үшін 16 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мамандар Тайынша ауданында орналасқан «BioOperations» ЖШС-де 2022 жылдың екінші жартыжылдығына профилактикалық бақылау және қадағалау негізінде барып, кәсіпорындағы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша экологиялық заңнаманың жеті бұзушылығын анықтады.
— Кәсіпорын өндірістік экологиялық бақылау барысында анықталған экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны туралы үш жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлаған жоқ. Сондай — ақ, қоршаған ортаға теріс әсер ететін автомобильдер мен өзге де көлік құралдары үшін белгіленген жол берілетін шығарындылар нормативтерін бұзуға жол берілді, — деп хабарлады экологиялық ведомстводан.
Бұдан басқа, кәсіпорын экологиялық рұқсатпен белгіленген эмиссиялар нормативтерінің асып кетуіне жол беріп, қалдықтарды есепке алу, қалпына келтіру, жою және залалсыздандыру жөніндегі экологиялық талаптарды бұзды.
— Қалдықтарды жинақтауға белгіленген лимитсіз қалдықтардың жинақталуына жол берілді, сондай — ақ экологиялық рұқсатқа жол берілетін шығарындылар нормативтерінің жобасында көрсетілген атмосфераға ластаушы заттар шығарындылары көздерінің саны мен сипаттамалары сәйкес келмеді, — деді департаментте.
Экологтар кәсіпорынға жоғарыда аталған бұзушылықтарды жоюды бұйырды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы кәсіпкерлік кодексінің 137-бабы 3-тармағының 3-бөлігіне сәйкес экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жалпы сомасы 15 млн.785 мың 689 теңге айыппұл түрінде алты әкімшілік жаза қолданылды.