СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Белое ауылының тұрғындарымен кездесіп, серіктестік басшыларымен бірлесіп шешуді қажет ететін мәселелерді талқылады. Тұрғындар демалыс орнының қажеттілігі туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Ауылдарымызды орталық су жүйесіне қосу үшін қомақты қаржы құйып жатырмыз. Мәселен, Мамлют ауданындағы Белое ауылына 658 миллион теңге бөлінді. Ауылда 26 шақырымды құрайтын топтық және тарату желілерінің құрылысы аяқталуда. 2 резервуар, станция және 70 құдық орнатылды. 222 отбасы үйге су тартуға мүмкіндік алды. 50 үй оны пайдаланды. Биыл 55 ауылға сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 5 жыл ішінде 483 км тарату желілері салынды. Тарату желілері бар ауылдар саны 60% өсіп, 179 ауылдан 295 ауылға дейін жетті. Ауыл тұрғындары кір жуғыш машина мен душ орнатуда. Айта кету керек, соңғы жылдары тұрғындар пайдаланатын су көлемі 70%-ке көбейген. 2023 жылға жоспарларды белгіледік. Келер жылы облысымыздың 16 мыңнан астам тұрғыны бар 30 ауылда жұмыстар жүргізілмек,-деді Құмар Ақсақалов.