СҚО әкімдігінде агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалар бойынша онлайн-тур өткізілді. Онда құс фабрикаларын салу есебінен өңірдің құс етіне деген қажеттілігін жабу туралы айтылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Облыс әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің ішіндегі 15-ін өзі шығарады. Импортты толық алмастыру үшін үш ет-құс фабрикасы салынуда. Осы нысандардың арқасында 16 мың тоннадан астам құс еті өндіріледі, бұл өңірдің қажеттілігінен екі есе көп, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Бүгінгі таңда Қызылжар ауданында «Жаңа құс» ЖШС жұмыс істеп тұр. Оған 60 мың бройлер тауықтары әкелінді. Өнімдер өңірде және Астанада сатылады. Компания тағы құс үйшігін салуды жоспарлап отыр. Аққайың ауданында қуаттылығы 5 мың тонна құс фабрикасының құрылысы аяқталуда. Алғашқы алты құс үйшігіне жабдық орнатылды. Сынақ режимінде бордақылау цехы іске қосылды. Тағы алты құс үйшігінің құрылысы басталды. Қуаттылығы 10 мың тонна болатын «Адель Құс» ЖШС үшінші құс фабрикасы жыл соңына дейін алты құс қорасын, инкубатор мен бордақылау цехын салады. Бүгінгі таңда ғимараттардың қаңқалары дайын.