Футболдан ел біріншігінің соңғы 26-шы туры аясында жергілікті «Qyzyljar» клубы өз алаңында ақтаулық «Каспий» командасын қабылдады. Тартысқа толы ойын жерлестеріміздің пайдасына шешілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қарасай стадионында өткен матча жерлестеріміз 4:1 есебімен жеңді. Бұл матчта грузиялық легионер Эльгуджа Лобжанидзе жасындай жарқылдады. «Qyzyljar» командасының шабуылшысы 18, 42 және 67-ші минуттарда үш гол соқты. 79-шы минутта жартылай қорғаушы Рафаил Оспанов есепті еселеген. Қарсылас команданың ойыншысы Максим Ваганов 89-шы минутта жалғыз доппен жауап қатты. Бұл жеңістен кейін жерлестеріміз турнирлік кестеде 10-шы сатыға көтеріліп, келесі жылы да үздіктер қатарында доп тебу мүмкіндігін сақтап қалды.
Осылайша футболдан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Биыл елордалық ұжым чемпион атанды. Соңғы турда «Астана» Қарағандының «Шахтер» командасымен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Күміс жүлдені «Ақтөбе» қанжығасына байласа, үшінші орынға былтырғы чемпион «Тобыл» тұрақтады.