Солтүстік Қазақстан облысының табиғатты қорғау полицейлері «Браконьер» жедел-профилактикалық шарасы аясында 8 қылмысты ашты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 20 қазаннан бастап «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Полицейлер мен қорықшылардың бірлескен рейдтері күшейтілген түрде жүргізілуде. Нәтижесінде операция басталғалы аң аулау ережесін бұзудың 247 дерегі анықталып, барлық тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 8-і бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Көп жағдайда аңшылар қаруды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтай бермейді, себебі қару оқталмаған, бөлшектелген және қорапқа салынған күйі тасымалдануы тиіс. Тағы бір жиі кездесетін заң бұзушылық – масаң күйде аң аулау. Ал бұл оқыс оқиғаға әкелуі мүмкін, сондықтан қатаң түрде бұған жол берілмеу тиіс, — дейді табиғатты қорғау полицейлері.
СҚО ПД ЖПҚ басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асхат Қожабаевтың айтуынша, «Браконьер» іс-шарасы барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзумен байланысты қылмыстардың жолын кесу мен «ізін суытпай» ашуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне сәйкес заңсыз аң аулауға ірі мөлшердегі айыппұлдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
– Бір жыл бұрын қараша айында «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында елік атқан Ақмола облысының үш тұрғыны бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Үшеуі де алкогольдік мас күйде болған. Рейдке шыққан полиция қызметкерлерінен қашып, жол-көлік апатын жасаған. Сот үкіміне сәйкес, олар бас бостандығынан айырудан бөлек, алдағы 5 жылда аң аулаумен айналысуға тыйым салынды, — дейді Асхат Қожабаев.
СҚО полицейлері 20 қазаннан бері «Artemia salina» шаянын заңсыз аулаудың 3 фактісін анықтап, жолын кесті, 4 елік пен 1 бұланды ату фактісі бойынша заңсыз аң аулаудың 5 жағдайы тіркелді.
Фото: ашық дереккөздерден