Петропавлда жылыту маусымы штаттық режімде өтуде. Бұл туралы «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Компания өкілдерінің мәліметінше, қазір Петропавл 2- ЖЭО -да алты қазандық жұмыс істейді. Тағы екеуі – резервте, үш қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Желтоқсан айында станцияда 11 қазандық жұмыс істейтін болады. Олардың тоғызы тұрақты жұмыс істесе, қалған екеуі резервте тұрады. Ағымдағы жүктеме 236 МВт құрайды,- делінген компания жариялаған ақпаратта.
Қарашадағы көмір қоры 73 мың тоннаны, мазут-251 тоннаны құрады. Жақында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шилов жылу орталығында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 10 мердігер ұйым, 300-ден астам адам жұмылдырылғанын хабарлады. Биылғы жылы ауа-райы Петропавл 2- ЖЭО жөндеу жұмыстарының аяқталуын күтіп тұрғандай. Қараша айы ерекше жылы. Үлкен аяз әлі болған жоқ, күндіз термометр плюс 1-2 градусқа дейін көтерілуде. Алайда, синоптиктердің болжауынша жақында түнде ауа температурасының минус 15 градусқа дейін күрт төмендеуі күтілуде.