Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 649 қылмыс жасалды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 % көп, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов СҚО тұрғындарымен кездесу барысында интернет-алаяқтық қылмысына да тоқталды. Жыл сайын қылмыскерлер ел азаматтарын 10 млрд. теңге шамасында шығынға батырып келеді. Әрі қылмыстың бұл түрі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен 5 жыл бұрын республика бойынша осындай 4 мың қылмыс тіркелсе, биыл оның саны 17,5 мыңға жеткен.
– Сіздердің өңірлеріңізде жыл басынан бері 649 интернет алаяқтық қылмысы жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 % көп. Петропавл тұрғыны 13 адамның атына 2 млн. теңге онлайн-несие алған. Тағы біреуі жалған хабарландыру арқылы 50 тұрғынды алдап, олардың 3 млн. теңгесін қалтасына басқан, — деді Марат Ахметжанов.
Биыл СҚО-да сондай-ақ интернет-алаяқтықпен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды.
– Қылмыстық топты Петропавл тұрғыны ұйымдастырған. Осы қаланың ғана емес, Астана тұрғындарын да құрықтарына түсірген. Барлығы ұсталып, төртеуі изоляторда отыр. Олар 50 дроппер арқылы ұрланған ақшаны көптеген банк есепшоттары арқылы шешіп отырған. Әр операцияға қызметтері үшін 50 мың теңге төлеген. Жалпы шығын – 200 млн. теңге, — деді Марат Ахметжанов.
Ішкі істер министрі сондай-ақ тұрғындарды қауіпсіздікті естен шығармауға шақырды.
– Ішкі істер органдарының немесе банк қызметкері болып хабарласып, қаражатқа қатысты қандай да бір нұсқау берсе, оны орындауға болмайды. Жеке мәліметтеріңізді, соның ішінде картаның реквизиттері ешкімге айтпаңыздар. Күдікті сауда бойынша алдын ала төлем жасамаған жөн. Біреулер жіберген сілтемелерге өтуге болмайды, сондай-ақ парольді үнемі ауыстырып отыруды әдетке айналдырған дұрыс, — деді Ішкі істер министрі.
Полиция қылмыстың бұл түрін ашуға ерекше мән бермек. Қазіргі уақытта интернет алаяқтық қылмысқа жауапкершілікті күшейту мәселесі қаралып жатыр.