Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Өнер ордасының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Салтанатты шарада сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі биыл өңірде мәдениет саласы қызметкерлеріне арналып тұрғын үй салына бастағанын, бұл жоба сала мамандарын қолдау мақсатында алғаш рет қолға алынып отырғанын жеткізді. Дәурен Абаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтай келе Қызылжарда мәдениет саласы мамандарын даярлауды көздейтін Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалын ашу қажеттігін айтты.
Қызылжар өңіріндегі қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын ұжымға сән-салтанаты жарасқан жаңа ғимараттың берілуі айрықша оқиға. Қызылжарлықтар асыға күткен бұл қуанышты жерлестеріміз Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов, Ольга Перепечина, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Абай Тасболатов бөлісті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ақын, журналист Жанарбек Әшімжан мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер адемиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды да игі шараның ортасынан табылды.
Өнер ордасының ашылу салтанатынан кейін театр ұжымы меймандар мен көрермендер назарына Сәбит Мұқановтың «Шоқан» тарихи драмасын ұсынды.