Петропавлдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясында 600-ден астам адам таңғы сағат 9.30-ға дейін дауыс беріп, № 655 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы академияда №655 сайлау учаскесі орналасқан. Бұл жерде жоғары оқу орнының курсанттары, офицерлер, сарбаздар, келісімшарт бойынша қызмет атқарып жатқан әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері дауыс берді. Дегенмен сайлаушылардың 99 пайызы – академия курсанттары.
– Сайлауға екінші рет қатысып отырмын. Президент ол мемлекетіміздің өсіп-өркендеу және даму бағытын айқындайтын болғандықтан, дұрыс таңдау жасау өте маңызды. Әр қазақстандық бүгін өз дауысын беріп, дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамын, — дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының курсанты Айдос Жұмағұлов.
Ұлттық ұлан академиясындағы сайлау учаскесінде дауыс беру белсенді өтті.
– Бұл сайлау учаскесіне 662 сайлаушы тіркелген, 77 курсант алғаш рет дауыс берді. Елдің тыныштығы мен болашағы үшін дауыс беріп жатыр, — дейді № 655 сайлау учаскесінің комиссия төрағасының хатшысы Ардақ Айтжанов.
Әскери тәртіпке үйренген жандар сағат 9.30-да таңдауларын жасап болды.