СҚО-да сайлау учаскесіне 84 жастағы «генерал әжей» бүкіл отбасын ертіп келді

Авторы: Qyzyljar News

Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында отбасы «генерал әжей» деп құрметтеп, айтқанын екі етпейтін 84 жастағы көпбалалы кейуана сайлау учаскесіне балаларын, немерелері мен шөберелерін де ертіп келді. Ол бала-шағасының қалай дауыс бергенін сырттай бақылап отырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Гүлсім Мырзақұлова — 6 ұл мен 6 қыздың анасы, 45 немеренің әжесі. Оған қоса 120 шөбересі мен 4 шөпшегі бар. Осы үлкен отбасының тұтқасын ұстап, барлығын иіріп отырған кейуана сайлау күні бүкіл отбасы мүшелерін сайлау учаскесіне ертіп келді. Отбасының 45 мүшесінің ішінен жақын жерде тұратындары — 17 адам Гүлсім апамен дауыс беруге келді.

Олар ауыл мектебіндегі сайлау учаскесінің табалдырығын аттаған кезде айналадағы көпшілік Мырзақұловтардың қаншалықты тату әрі ұйымшыл отбасы екенін көріп, тәнті болды. Отбасының өзі мұндай ұйымшылдыққа мүлдем таң қалмайды.

– Біздің әжеміз — бас қолбасшы. Әкемнің, яғни әжемнің баласының телефонында «Генерал» деп жазылып тұр. Барлық ұлдары анасын осылай атайды. Әжеміз айтса, барлығы бұлжытпай оның айтқанын орындауы тиіс. Ол кісінің айтқаны талқылауға жатпайды. Біздің әжеміз солтүстікте тұрып, арадағы мыңдаған шақырым қашықтыққа қарамастан, біздің отбасымыздағы барлық дүниені бақылап, реттеп отырады. Біз оны қатты жақсы көреміз, оның барлық тапсырмаларына құрметпен қарап, әжемізді жоғары бағалаймыз. Бәріміз де сол кісіге ұқсауға тырысамыз. Барлық бала-шағасы осы туған жер — Бәйтеректе дауыс бергісі келген, бірақ Астана мен Алматыдан көбісі келе алмады, билет сатып алып үлгермеді, – дейді немересі Жанар Сотиболдиева.

Гүлсім әжейдің өмір тарихы өз отбасының бақыты үшін күрестен тұрады. 11 жыл бұрын ол Өзбекстаннан отбасымен бірге Солтүстік Қазақстан, Бәйтерек ауылына көшіп келген. Мұнда олар іс жүзінде жаңа өмір бастап, солтүстіктің аязына үйреніп, жаңа ортаға бейімделуге тура келді. Ол үйдің отанасы да отағасы да болды. Өйткені ол кісінің зайыбы 1994 жылы дүниеден озған.

– Ең бастысы, менің отбасым отанына оралды. Біздің болашақ ұрпағымыз осында тұрып, осында өмір сүреді. Біз балаларымыздың болашағы үшін дауыс беруге келдік, — дейді Гүлсім Мырзақұлова.

Сайлау учаскесінде бүкіл отбасы бірге таңдау жасағаннан кейін барлығы үлкен дастархан басында әжесінің үйіне жиналды. Бұл күн отбасы үшін мерекеге айналды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz