Петропавлдағы волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасының суперкубогі сарапқа салынды. Бас жүлде үшін Өскемен қаласының «Алтай» және солтүстікқазақстандық «Қуаныш» командалары кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тартысты ойынды тамашалауға келген құрметті қонақтардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаева, генерал-лейтенант Абай Тасболатов пен Канн кинофестивалінің жеңімпазы, актриса Самал Есләмова болды. Александр Винокуров атындағы спорт сарайында өткен ойын өте тартысты өрбіді. Жергілікті жанкүйерлер өз командаластарына қолдау көрсетіп, кездесу көрігін қыздырды.
Жарысқа келер болсақ, өскемендік команда есепті бірінші болып ашты. Жалпы қарсылас команда ойыншылары соққан доп діттеген жерге дөп түсіп жатты. Нәтижесінде ойынның бірінші кезеңі 25:15 есебімен өскемендіктердің пайдасына аяқталды. Екінші кезеңде де шығыстың қыздары қарқын қосып, есепті 25:18-ге апарды. Тек үшінші сетте петропавлдық команда қарсылық танытып, 19:25 нәтижесімен жеңіске жетті. Дегенмен қарсылас команда келесі ойын кезеңінде үздік екенін аңғартып, 25:18 ұпайымен кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп 3:1.
Осылайша «Алтай» командасы Қазақстан Республикасы суперкубогінің бес дүркін чемпионы атанса, жергілікті «Қуаныш» командасы өз тарихында тұңғыш рет суперкубоктің күміс жүлдесіне қол жеткізді. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жеңімпаздарды құттықтап, спортшыларға кубокты табыс етті.