Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы «Заң керуені» акциясын өткізу кезінде келіп түскен өңір тұрғындарының 500-ден астам өтінішіне талдау жасады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қадағалау органының баспасөз қызметінің мәліметінше, солтүстікқазақстандықтар құқықтық көмекке ғана емес, сондай-ақ абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, әлеуметтік инфрақұрылым мәселелеріне де жүгінген. Ақжар ауданы Ленинград ауылының тұрғындары биылғы жылы уәде етілген кентішілік жолдардың жөнделмегеніне шағымданды. Прокуратура мердігерді мемлекеттік сатып алуға қатысушы деп тану туралы сотқа талап арыз бергенін хабарлады. Аталған кентте асфальт төсеу жұмыстары келесі жылы жүргізілетін болды.
Сонымен қатар бюджеттік комиссия Қызылжар ауданының Архангельск және Бугровое ауылдарындағы көшелерді жөндеуге қаражат бөлу туралы мәселені қарайды. Қызылжар ауданының Бескөл ауылдық округінің тұрғындары үшін қоқыс күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Прокуратура 170 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенін хабарлады.
— Полигонның бөлінген учаскесінің сыртында жиналған қоқыс жаңа полигонға көшіріледі. 2022 жылы аудандық бюджеттен қоршаған ортаны қалпына келтіру шараларына 7,9 млн теңге бөлінді, — делінген қадағалау органы жариялаған ақпаратта.
Петропавлдағы Заводская көшесіндегі шұңқырларды да келесі жылы жөндеу жоспарланды. Кейбір ауылдар үшін көшелерді жарықтандыру мәселесі де өзекті болып отыр. Архангельск ауылдық округінде 140 шамның үштен бірі дерлік жұмыс істемейді. Прокуратура жергілікті билік келесі жылға шамдарды ауыстыру үшін аудандық бюджеттен қаражат жоспарлады деп сендірді. Қызылжар ауданының Петерфельд ауылында да келесі жылы жарықтандыру орнатылады. Осы мақсаттарға 100 млн теңге 2023 жылы республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс.