Қасым-Жомарт Тоқаев ант берді

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Қасым-Жомарт  Тоқаевты ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Рәсім кезінде Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына ант берді. Осы сәттен бастап қайта сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.

 -Сайлауға қатысқан барша жұртқа ризашылығымды білдіремін. Науқанға атсалысқан қауымға, байқаушылар мен журналистерге зор алғыс айтамын. Президенттікке кандидаттарға да құрметімді білдіремін. Сайлауда саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар маңызды сәтте жұдырықтай жұмыла алатынын көрсетті. Осы ретте, мені президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған халық коалициясы мүшелеріне рахмет айтқым келеді.

Мен өзіме дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретін болдым. Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым.

Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: ашық дереккөздерден. 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz