СҚО-да идеология тұрғысында атауы ескірген 33 ауыл, 270-ке жуық көше бар

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысында 13 ауылдық округ, 33 ауыл мен 270-ке жуық көше атауын өзгерту қажет. Олар идеологиялық жағынан ескіріп, тоталитарлық сипатқа ие, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Шәкеев «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында өңірде ономастика бағытында бірталай жұмыстың атқарылғанын айтты.

– Ұмыт бола бастаған елді мекендердің тарихи атауларын қайтару, атауы бұрмаланған ауылдардың транскрипциясын дұрыстау және көшелер, білім, мәдениет, спорт ордаларына лайықты тұлғалардың есімдерін беру – ономастика жұмысындағы негізгі бағыттар. Былтыр өңірде 2 ауылдық округ, 3 ауыл қайта аталды. Сонымен қатар 400-ге жуық көшені қайта атау бойынша жұмыс жүргізілді, — дейді Сәкен Шәкеев.

Сондай-ақ биыл Жамбыл ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Сафуан Шаймерденовтің, Шал ақын ауданының қазақ орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың, Қызылжар ауданы Новоникольское орта мектебіне Геннадий Зенченконың есімдерін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы шықты. Қазіргі уақытта Жоғары медицина колледжіне Жұмағали Тілеулиннің, облыс орталығындағы № 32 орта мектепке Сәбит Мұқановтың есімін беру туралы ұсыныстар республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.

– Бүгінгі күні СҚО-да идеологиялық тұрғыда ескірген, тоталитарлық сипаттағы атауларға 13 ауылдық округ, 33 ауыл, 270-ке жуық көше ие. Осыған орай жұмыс тобы құрылып, әлеуметтік тапсырыс аясында ономастика бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар облыстың барлық аудандарына шығып, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырды. Құрамына сөзі өтімді, танымал азаматтар кірді, — дейді Сәкен Шәкеев.

«Қазақ тілі» қоғамының мүшелері де облыс аумағындағы 25 ауылды аралап, ономастика мәселесіне қатысты кездесулер өткізгенін айта кеткен жөн.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz