СҚО тұрғынынан екі мылтық пен 250 патрон тәркіленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полицейлері Қызылжар ауданының 66 жастағы тұрғынынан екі қару мен көп мөлшерде патрон тәркіледі. СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу кезінде тіркелмеген қаруды сақтау фактісін анықтады. Ер адамның тұрғылықты жерінен шағын калибрлі ТОЗ-17 винтовкасы мен оған арналған 170 патрон, сондай-ақ ИЖ аңшы мылтығы мен тегіс ұңғылы қаруға арналған 80 патрон алынды. Қазіргі күні сараптама жүргізілуде.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тегіс ұңғылы мылтықты сақтау фактісіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы бойынша материал жиналды.
– Күдіктінің айтуынша, ол қаруды бірнеше ай бұрын қараусыз қалған бос үйден тауып алған. Тіркелмеген қару криминалдық мақсатта қолдану үшін ұрлануы әбден мүмкін. Тыйым салынған заттарды ерікті түрде тапсыру тіркелмеген қару үшін көзделген жауапкершіліктен босатады, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.